Бас редактор

Перленбетов Мұхан Атенұлы – психология ғылымдарының докторы, профессор, "Қайнар" академиясының проректоры, «Қазақ психологтар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, Алматы қаласы.

Әлемдік экономикалық дағдарыс, ақпараттық интервенцияның күшеюі, жалпыадамзаттық құндылықтардың бұрмалануы және басқа да жағдайлар қоғамдағы бірқатар өткір мәселелерді шиеленістіріп отыр. Бұл мәселелер адам қызметінің түрлі салаларында психологиялық қамтамасыз етусіз, психика және басқа да табиғи-психологиялық құбылыстар туралы білімдерді ескермей шешілмейді.

Демократиялық қоғамды жаңғырту, оның егемендігі мен гуманизациясы, құқықтық және азаматтық мемлекеттің қалыптасуы жаңа психологиялық көзқарастарды әзірлеуді талап етеді. Нарықтық қатынастар қоғамдағы өткір әлеуметтік-психологиялық мәселелерді шешуге психологиялық ғылымның араласуын қажет етеді. Мұндай мәселелер қатарына білім беру саласындағы өзекті мәселелер (оқыту процесін психологиялық сүйемелдеу), кадрлар мен бизнесті басқару, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, сондай-ақ әлеуметтік-психологиялық жағымсыз құбылыстар – суицид (әсіресе кәмелетке толмағандар арасында), жасөспірімдердің жүктілігі, жыныстық тәрбие мәселелері, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың үйлесімсіздігі, интернетке тәуелділік және т.б. жатады.

Жалпы жаһандану және этностардың бірігуі ұлттардың ұлттық болмысын жою қаупін тудырып, түрлі гуманитарлық ғылым өкілдерін алаңдатып отыр. Осыған байланысты қазіргі психологияда тұлғаның дамуының этнопсихологиялық қырларына ерекше қызығушылық артуда. Қазіргі таңда халықтардың рухани мәдениетін қайта жаңғырту, олардың өз ұлттық ерекшеліктері мен құндылықтарын саналы түрде қабылдауы басты міндеттердің біріне айналып отыр.

Психология ғылымы мен тәжірибесі жоғарыда аталған мәселелерді шешуден шет қалмауы үшін және психологиялық қызметтің жұмысын үйлестіру мақсатында Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті академигі, педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б.Жарықбаевтың бастамасымен бір топ психолог-ғалымдар мен педагогтар Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен 2015 жылдың 21 сәуірінде ресми түрде тіркелген «Қазақ психологтар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігін (ҚПҚ) құрды. Қоғам президенті болып бірауыздан психология ғылымдарының докторы, профессор М.А.Перленбетов сайланды.

Қоғамның мақсаты – Қазақстанда психология ғылымының дамуына жан-жақты қолдау көрсету, Қазақстан Республикасында тұратын қазақ және басқа да халықтардың этногенезі мен тарихын ескере отырып, психологиялық білімдерді халық арасында кеңінен насихаттау және тарату. Сондай-ақ ғылыми-инновациялық қызметті жүзеге асыру, қоғамдағы өзекті әлеуметтік-психологиялық мәселелерді шешуде Қазақстан ғалымдары мен мамандарының кәсіби бірлігін қамтамасыз ету Қоғам қызметінің негізгі бағыттарына жатады.

Халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру мақсатында Қазақ психологтар қоғамы (ҚПҚ) Ресей психологтар қоғамына, Қырғызстан психологтар ұлттық қоғамына және басқа да ұйымдарға ресми хаттар жолдады. 2015 жылдың 23 қыркүйегінде ҚПҚ мен Халықаралық психологиялық ғылымдар академиясы (РФ) арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ярославль мемлекеттік университетінің саяси және әлеуметтік психология кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының докторы, профессор В.В.Козлов бұл ынтымақтастыққа қуанышты екенін айтып, ғылымның түрлі елдерде интеграциясы психология ғылымы мен тәжірибесінің оң дамуына ықпал ететінін атап өтті. Осы орайда, қазіргі таңда ҚПҚ жақын және алыс шетелдердегі (Украина, Грузия, Өзбекстан, Иран, Пәкістан, Қытай, Моңғолия, Түркия және т.б.) елдермен де осындай келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өткен жөн. Мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап-ақ Қазақ психологтар қоғамы (ҚПҚ) мемлекеттік деңгейдегі әлеуметтік-психологиялық мәселелерді шешуге белсенді қатысып келеді.


Құрмет тақтасы

Педагог хабаршысы

Ғылыми конференция

Ақпараттық хат

Ақпараттық хат

147